«Дала аруының» шығымы жақсы

0 8

Жаркент өңірінің тұрғындары үшін көктемде жерге соқа салып, «дала аруының» тұқымын сеуіп болған соң егінін баппен өсірудің басты тауқыметі – таудан келер қар суының молдығына байланысты. 

Маусым айының соңғы аптасы мен шілде айының басы ыстық болды. Бұл таудағы қардың мол еріп, өзен суының толығуына оң ықпалын тигізді. Ертелі-кеш аспанды қара бұлт торлап, әлсін-әлсін жаңбыр да себелеп өтеді. Алайда, диқан қауымы «жеті күнгі жаңбырдан, желіп ішкен су артық» деп егістігін таудан келер өзен суымен суаруға ниетті. Өткен жылға қарағанда, биыл тау өзенінің суы мол. Осындай ылғал мол жылы жаркенттіктердің төл дақылына айналған жүгерінің егіс көлемі жылдағыдан кеміген жоқ. Өңірде жалпы 23899 гектар жерге өсірілген «дала аруының» шығымы жақсы.

«Қазсушар» ММ-нің Панфилов аудандық филиалы өндірістік учаскесі мұраптарының ұйымшылдықпен атқарған тынымсыз қарекетінің нәтижесінде шаруалар егін суаратын суды тиімді пайдалануда. Өңір жүгерішілері шілде айының соңына дейін дақылдың алғашқы суын әрең беріп үлгірсе, биыл 10 мың гектардан аса алқап толық суарылып, 3 мың гектар жүгеріні екі мәрте суаруға қол жеткізілді. Егін суару жұмысы Үшарал, Үлкеншыған, Бірлік, Басқұншы және Пенжім ауылдық округтерінде қарқынды жүруде. Өңірде биыл 3 гектар алқапқа қант қызылшасының тұқымдық сұрыптары себіліп, арамшөпке қарсы химиялық өңдеу, шөптеу, тыңайтқыш беру мен суару істері толық атқарылды. Жүгері де химиялық өңдеуден өтіп, 19 350 гектары шөптеліп, 22 589 гектар алқабына минералды тыңайтқыш берілді.

Ауданда қыс пен көктемгі мал төлдету науқанына жалпы 85 380 тонна шөп, 23 600 тонна жоңышқа, 23 000 тонна сүрлем, 28 900 тонна сабан, 14 000 тонна пішендеме және 39 200 тонна жүгері жемін дайындау қажет. Өңірде жалпы 470 мал қыстауы бар. Дайындалған мал азығының 80 пайызы сол қыстауларға жеткізіліп, жиналады. Қазір пішендеме межесі толық орындалып, 70 мың тоннадан аса көпжылдық шөп әзірленді.