Қашау ұстаған отыз жыл

0 18

Сегіз шаршы метр. Үйдегі шағын шеберхана. Ұядай бөлме. Отыз жыл болды. Шебер Аманжан Сәдуақасов осы жерде үш мыңдай домбыра шапты. Қолдау көрсетілсе шағын цехты кеңейтіп, қастерлі өнерді өзгелерге де үйретер едім дейді. Алайда, ол алыстағы арман-ау. Өйткені, мұны өтініп жүргеніне қанша жыл болды, қайырылған адам жоқ. «Домбыра күні бәленбай домбырашы күй тартты деген секілді сөздер науқандық сипат алып барады», дейді шебер.

Талай шешен домбыра шыққан шеберхана. Арша­­дан домбыра шабатын Арқадағы жалғыз шебер кезекті тапсы­рыстың қамында. Әйгілі күйші Секен Тұрысбек екі бірдей домбыраға тапсырыс беріпті. Арша және америкалық жаңғақ ағашынан. Дәулескер күйші екеуінің де күмбірін ерекше көріп қалыпты.

– Жаңа домбыра да жүген-құрық тимеген, ертоқым салын­баған асаудай болады. Бірталай уақыт бастықтыру керек. Соны күтіп отырмын. Домбыраның қалыбы дайын дегенмен, әлі көп шаруасы бар. Іресі, пернелері салынады. Мойнын жіңішкертемін. Ысқылап тазаланады. Боялады. Сосын тиегі қойылып, ішегі тағы­лады. Тәуір домбыраға жарты ай уақыт жай кетеді, – дейді шебер.

Қадыр Мырза Әлі айтқан домбыраның қадірін ертеден түсінген Аманжан шебер тоқсаныншы жылы жасаған ең алғашқы домбырасын алып келді. Бетіне қонған шаңды бір қақты да, күмбірлете жөнелді. Қалақ домбыра мен тұмар домбыраға ұқсатып шапқан. «Қанша уақыт өтсе де, жақсы домбыраның дау­сы еш өзгермейді, ескірмейді», дейді.

Осылайша, шебердің ең бірінші төлтуындысы төрінде тұр. Одан кейінгі бала домбырасы да әлі сақтаулы. Ұлы Рахатқа жасап берген. Рахат та күйді бала кезінен шебер шертеді. Қазір «Senim109» бірыңғай байланыс орталығының басшысы. Қауырт жұмыстан қажып келгенде, арша домбырасын қолына алып, күйін күмбірлетеді, әнін шырқайды. Ал бала домбыра немерелерінің қолынан түспейді. Тек бұл ғана емес, қалақ домбыра, тұмар домбыра, үш ішекті домбыра, қозықұйрық домбыра, кеңшанақты домалақ домбыра шеберханасында тұр. Кейін мұражайдың кәдесіне жарап қалар дейді. Несін жасырайық, шебер домбыра шабатындар көрмелерге де, басқа да өнер жәр­меңкелеріне шақырусыз, шеткері қалдық деп өкпелі.

Қателеспесек, 1998 жылы «Үкілі домбыра шеберлерінің» байқауы өтіп, аршадан жасалған әйдік домбырасы Құрманғазы атындағы жүлдені әперіпті. Бірден әлгі домбыраны Астра­хан­дағы Құрманғазының музейіне әкетіпті. Тағы бір дәстүрлі әннің дүлдүлі Мейір­хан Адамбековке арнап жасаған арша домбырасы Алма­ты­дағы мульти­медия­лық музей­дің төрінде тұр. Ал қазір «шебер­ханадан ұзап шықпаймыз», дейді.

Аты алысқа тараған Аман­жан шебердің арша домбы­ра­сы Нұрғиса Тілендиев, Ма­ғауия Хамзин, Қаршыға Ахме­дияровтардай алыптарды тәнті етті. Ғалым Мұхамедин, Серік Оспанов, Жақсыгелді Кемалов, Аманжол Әлтаев, Дәу­ренбек Әркеновтердің талға­мы­нан шыққан туындыларға, әрине, тапсырыс көп түседі. Бірақ, шебер айына екі домбыра ғана шабады. Бабымен жасалған домбыра ­шешен болады.

«Қазақтың қара домбырасын қор­ламауымыз керек. Арзан ағаштан жасалған домбыра на­рықты жаулады. Түрлі цех­ бір айда 150-200 домбыраны көлем көрмейді. Өйтіп өнді­ре­тіндей домбыра құрылыс мате­риалы емес қой. Шебер ең алдымен күйші не әнші болу керек. Құр аспапты жасағанға мәз болмай, домбыраның әр дыбысын терең­нен ұғынуы керек», дейді он сауса­ғы­нан өнер тамған Аманжан аға.

Қашау ұстаған отыз жыл. Со­ның нәтижесі, міне, талай мәрте теле­дидардан сөйледі. Тілшілер очер­кінің кейіпкері болды. Шебер соның бәрінде ойын ашық айтты. Дом­быра шабу өнерін өгейсітпеу керегін. Бірақ, амал не, бәрі үнсіз…

Шеберіміз – ән мен жырдың топырағы Ақтоғайдың тумасы. Талдықорғандағы Жетісуға таны­мал «Алтын дән» ансамблінің жа­ны­нан құрылған шеберханаға шақы­рылған кезден бастап домбыра жасауға кіріскен. Арада уақыт өтеді. І.Жансүгіров атын­дағы Талдықорған педагогикалық инс­титуты басшылығының қолқа­сы­мен оқу орнының ішінен шебер­хана ашады. Шәкірт баулып, аспап­тары бір-екі жыл­дың ішінде респуб­ликалық байқау­ларда топ жарады.

Кім білсін, шебер Жетісуда қалар ма еді? Алматыдағы кезекті бір домбыра жасаушылардың додасында қола жүлдені қанағат етіп тұрған Аманжан шебердің қасына Мағауия Хамзин келеді. Келеді де «елге қайт» деп ақыл айтады. Өйткені, Қарағанды, Балқаш «орыс­танып» кеткен еді ол кезде.

Ағаның айтқанын аманат етіп алған ол бірден шешім қабыл­дайды. Балқаш әкімдігі ұлттық орталық ашып жатқан кез еді. Орталықтың шеберханасын береді. Баспанасын да тарту етеді. Бес жылға келісімшарт жасаса­­ды. Сол уақытта өнер ұйым­дарын қажетті аспаппен қамтамасыз етеді. Сөйтіп, уағда­ласқан уақытқа дейін еңбек етеді де, Қарағандыға қоныс аударады.

Содан бері тоғызыншы қабат­тағы үйінің сегіз шаршы метр шағын шеберханасында тіршілік кешіп келеді. Күйбең емес, күм­бір­леген күй тіршілік. Арша домбы­расына ағайын айлап-жылдап кезекке тұрады. Сондай беделі бар. Енді елге берері бар. Шәкірт тәрбиелеп, домбыра жасау өнерін жастарға үйретіп, білгеніммен бөліс­сем дейді. Бірақ, оған әзірге мүм­­к­­індік жоқ. Шеберханаға жал­ғыз өзі зорға сиып жүргенін біз де көрдік.

Сіз бен біз ойлағандай, шебер­ханаға көп қаржы да қажет емес. Екі-үш станок, басқа да керек-жарағын алуға 5 млн теңге жетеді. Егер ойдағымыз орындалса, өңір­дегі өнер ұжымдары алыстан арба­ламас еді, қу ағаш сабаламас еді. Аманжан ағаның «бренд» домбырасына қол жеткізетін еді.

– Қазір түгел оркестр, ансамбль Алматы, Шымкентке тә­уел­ді. Егер басшылық қолдаса, ше­­бер­хана жағынан көмектессе, сол аспапты өзіміз-ақ жасар едік. Ма­­­­ған ол жерден бір тиын қа­жет емес. Үш-төрт жігітті жаны­ма алып, баулып, үйретер едім. Олар­ға – өнер үйренген пайда, қол­өне­рімізге – насихат. Нан табады. Ал­­пыс­тан астық, енді қанша өмір қал­­­ды, бір Алла біледі. Жастарға үй­ре­тіп кету керек қой, – дейді ше­бер.

Әңгімеміздің соңына қарай Аманжан шебер Домбыра күнінің маңызын жоғалтып жатқанын айтып, тағы бір күрсінді. «Бәленбай домбырашы анау алаңда күй тартты», деген секілді науқанға айналдырып бара жатқанымызға.

– Құрманғазының күйле­рі­не қазақтың құлағы қанық. Тәттім­­бетті шертпе күйдің атасы деп біледі. Салған әні алты қыр­дан асқан Біржан сал, Ақан сері, Әміре сынды дүлдүлдердің мұрасы «Алтын қорда» сақтау­лы. Алайда, солар­дың жан серігі ­бол­ған дом­быраны шапқан шеберлерден дерек жоқ. Ал қазіргі домбыра жасаушыларды осы бір мерекеде болсын ұлықтау керек деп ойлаймын. Я болмаса шебер­лер күнін белгілеу керек. Біз көп дүние сұрамаймыз, – дейді. Әңгіме-дүкеніміз осылай аяқталды.

Шебер өзі шығарған «Өкініш» күйін шертіп берді. Ұстаған домбырасы тіпті шешен екен. Бірақ, күйші нендей өкініш екенін жұмбақ күйінде қалдырды.

Шеберхананың есігінен шық­қа­нымыз сол еді, шебер есіктің шетін жедел шүберекпен қымтап жатты. Әйтпесе, ондағы шаң үйге кіреді…