Зауыттың қан тамыры мен жүрегі

0 10

Кәсібін сүйіп, ісіне адалдық таныту – еңбек адамының ең бірінші асыл қасиеті. Бүгін біз сіздерді Семей цемент зауытында еңбек ететін тағы бір білікті, еңбекқор маманмен таныстырмақпыз. Ол – «Семей цемент зауыты» ЖШС-ның энергоцех бөлімінің басшысы Әлібек Мырзатайұлы Әзімханов.

— «Адам туған топырағына тар­тып туады» деген бар. Сондық­тан ең алдымен өскен ауыл-айма­ғым, тәрбие алған отбасым жөнінде айта кетейін. Мен Жарма ауданы, Шар қаласына қарасты Суырлы стансасында теміржолшылар әулетінде дүниеге келдім. Атам Әзімхан Керейбаев темір жол саласында 44 жыл, әжем Мырзатай Керейбаева 43 жыл  табан  аудармастан жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан. Ал анам Сақыш Керейбаева ширек ғасыр Көшек орта мектебінде математика пәнінен сабақ берген. Жалпы, отбасында жеті ағайындымыз – төрт әпкем, екі ағам бар. Мен үйдің кенжесімін. Әпкелерім мен ағаларым атам мен әкемнің жолын қуып, темір жол саласын таңдады. Бірақ, менің жүрек қалауым басқа болды. Жас кезімен техника жөндеуге, электроникаға әуес болдым. Сол кездері әр үйдің төрінде тұратын «романтик» магнитафонын бұзып, қайта жинағанды ұнататынмын, — дейді Әлібек Мырзатайұлы.

Кейіпкеріміз орта мектепті бітірген соң Семей қаласындағы электротехникалық  колледжге оқуға түседі.

— Әкемді ренжітпейін деп «темір жолдарды электрмен жабдықтау», «техник-электрик» мамандықтарын таңдадым.  Болашақта теміржолшы болатын шығармын деп ойладым. Бірақ, түбінде адамды бәрібір өзінің саласы тартып әкетеді екен, мдейді ол ағынан жарылып.

Әлібек Мырзатайұлы 2005 жылы еңбек жолын «Семей Водоканал» КММ-нен бастайды. Кейіпкеріміздің салаға деген қызығушылығын байқаған мекеменің бас энергетигі Қайрат Есімбаев оның өмірден өз орнын тауып, сүйікті ісімен айналысуына  жол сілтеген.

— Қайрат ағам Семей Водоканал мекемесінен шығып, Семей цемент зауытының электр цехінің басшысы болып тағайындалды. Көп ұзамай мен де артынан келдім. Осы мекемеде жүргеніме 2006 жылдан бері, міне, жиырма жылға жуықтап қалды. Қызметтің көптеген баспалдақтарынан өттім, — дейді өзі.

Әлібек Мырзатайұлының осыдан 23 жыл бұрын зауытқа ең алғаш келген сәті әлі есінде. Ол мұндағы еңбек жолын электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету бойынша электромонтер болып бастаған. Кейін қосалқы станцияларды жөндеу шебері, карьер электромеханигі, электромеханик, инженер-энергетик болып еңбек етті. Биыл сәуір айынан бастап электроцех бөлімінің басшысы болып тағайындалады. Бүгінде қол астындағы 62 адамға жауапты. Кейіпкеріміздің жұмысы асқан жауапкершілік пен табандылықты талап етеді.

— Энергетиктерді осы зауыттың қан тамыры мен жүрегі деп айтуға болады. Электр энергиясынсыз кез келген жабдық жай ғана металл болып қалар еді.  Біздің цех зауыттағы жабдықтардың дұрыс және тоқтаусыз жұмыс істеуіне жауап береді, қосалқы бөлшектерді жөндейді. Бір сөзбен айтқанда, зауыттың үздіксіз жұмыс істеп тұруы біздің мойнымызда. Жаңа жабдықтар да жиі сатып алынады. Сондықтан үнемі оқып-тоқып, үйреніп отырамыз. Әркім өз ісіне жауапты болып, дұрыс көзқараспен қараса, орындалмайтын жұмыс, жетпейтін мақсат жоқ деп ойлаймын. Алдын ала жоспар құрып, сол тәртіппен жүріп отырсақ, алынбайтын қамал жоқ. Анамның тәрбиесі ме екен, өзім жұмысымды бір-екі апта бұрын жоспарлап қойғанды ұнатамын, — дейді кейіпкеріміз.

Кез келген мамандықтың өз қыр-сыры болады. Сондықтан әр адам өз саласының шебері болуға ұмтылуы керек. Теміржолшылар әулетінен шықса да, Әлібек Мырзатайұлының энергетика саласына  деген махаббаты ерекше. Өз ісін бар ынтасымен, ұқыптылықпен атқарады. Бақыт деген осы болар.

— Жұмысқа таңғы жетіден кірісемін. Алдымен түнгі ауысымнан шыққан шеберден зауыттың жағдайын, қандай ақаулар шыққанын сұраған соң, таңғы жоспарлау жиналысын өткіземін. Бұдан әрі таңғы сегізден кешкі беске дейін энергетиктер өз учаскелерінде жұмыс істеп, тапсырмаларды орындайды. Кешке қарай чат арқылы жоспарланған жұмыстардың қорытындысын тапсырады. Жұмысым кешкі бесте аяқталса да, үйге келген соң да телефон арқылы байланыста болып, жұмыс істей беремін. Жалпы, өзім қол қусырып бос жүргенді ұнатпаймын. Бір істі бастасам соңына дейін жеткізгенді жақсы көрем, — дейді Әлібек Мырзатайұлы.

 «Семей цемент зауыты» ЖШС қаладағы 65 жылдық тарихы бар  ірі кәсіпорындардың бірі. Зауыттың биылғы жоспары 1 млн 500 мың тонна цемент шығару. Осы жоспарды іске асыру үшін 2023 жылы 1 тамызда инновациялық цемент диірмені ашылды. Оған қоса неміс фирмасының Gebr. Pfeiffer атты машинасы іске қосылды.

Зауыт сондай-ақ өз жұмысшыларына жан-жақты қолдау көрсетеді. Әлібек Мырзатайұлының бұл орайда зауыт басшылығына айтар алғысы зор. Мәселен, өткен жылы Әлібек Мырзатайұлы басшылық ететін энергоцехтан бес адам Сарыағаш шипажайында тегін демалып келіпті. Бұдан бөлек зауыт жұмысшыларының балалары демалыс лагерьлеріне жеңілдікпен жіберіледі екен.

— Менің осы зауытқа келгеніме 18 жыл болды. Ұжымым үлкен болса да, барлығы бір үйдің адамдарындай болып кеткен. Бәрі де тәлім-тәрбие көрген, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін кеңпейіл азаматтар. Бір-біріміздің қуанышымызға шын жүрегімізбен қуанамыз, қиындық болса қол ұшын созамыз. Осындай береке-бірлігі жарасқан ұжымда жақсы көретін жұмысыммен айналысып жүргеніме қуанамын, – дейді ол.

Кейіпкеріміз еңбек майданында шыңдалған қайсар жан. Атасы Әзімхан немересіне еңбектің дәмін ерте татқызады. Ата-анасы да  отбасында «еңбектің наны тәтті» деген қазақы тәрбиемен өсіреді. Соның арқасында қазір адал еңбегімен нанын тауып, өз ұжымында сый-құрметке бөленіп жүр.

— Еңбек дегеніміз – қозғалыс. Ойлап қарасаңыз, мына өмірде еңбексіз адам болмайды. Бір қарағанда жер бетіндегі әрбір адам өзі үшін ғана еңбек етіп жүргендей көрінеді. Алайда сол бір адамның еңбегі тұтас қоғамға әсер етеді. Егер адам ешқашан еңбектенбесе,  сөзсіз аштан өлер еді. Сондықтан жер бетіндегі тіршілік етіп жүрген адамның барлығын еңбек адамы деп айтса болатындай. Табысы аз болса да сонымен күн көріп жүрген қаншама жандар бар. Олардың да істеп жүргені еңбек. Тек бір адамдарда ми еңбегі, ой еңбегі басым болса, енді біреулері керісінше физикалық тұрғыдан көп қимылдап, күннің ыстығы мен суығына қарамай еңбек етіп жүреді. Өзім бала кезімнен еңбекке жақын болдым. Ауылдық жерде тұрғандықтан қара жұмыстан қашқан емеспіз. Бала күнімде атам кішкентай аша жасап беріп, малға шөп салғызатын. Төгіп-шашсам да, сабырмен қарап, бәрін үйретін. Қазір әкеме қарасам, ол кісі де немересін жанына ертіп алып жүреді. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, атама, әке-шемеме мені жастайымнан еңбекке баулығандары үшін алғысым шексіз, — дейді Әлібек Мырзатайұлы.