«Shymkent invest» фронт-офисі ашылды

0 2

Шымкент қаласында «Shymkent Invest» фронт-офисінің ашылуы өтті. Ұйым инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын жергілікті және шетелдік инвесторларға жоба идеясы басталғаннан пайдалануға берілгенге дейін қолдау шараларымен қатар экспорттау, дамуды қаржыландыру бойынша қызметтер көрсетеді.

Инвесторлар тарту және оларды қолдауға қатысты мемлекеттік қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылатын болады.

Фронт-офиспен танысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бүгінде елімізде инвесторлар үшін барлық жағдай жасалғанын, Мемлекет басшысының жарлығымен инвестициялық штаб құрылғанын атап өтті. «Инвесторлармен тиімді жұмыс жүргізу, сондай-ақ сала бойынша нақты бағдарлама әзірлеу қажет, ең бастысы енгізіліп жатқан жобалардың саны емес, сапасы маңызды», деді Ғабит Әбдімәжитұлы.

«Shymkent Invest» ЖШС қала әкімінің бастамасымен құрылған. Мұнда ұйым қызметкерлері инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетумен қатар құжаттарды дайындауға, жиналыстарды ұйымдастыруға және өткізуге, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес беруге көмектеседі. Сонымен бірге, «Shymkent Invest» ЖШС мен Шымкент қаласының прокуратурасы арасындағы ынтымақтастық аясында инвесторлардың проблемалық мәселелерін шешу мақсатында кеңсеге тұрақты түрде инвесторларға тікелей қолдау көрсететін прокуратура қызметкері бекітілді.