«TikTok»-тағы тәрбие

0 5

Қазақ киносының классикалық туындысына айналған «Менің атым Қожа» фильміндегі Рахманов мұғалімнің айтқаны есіңізде бар ма? Қожаны оқудан шығаруымыз қажет деген әріптестеріне қарап: «Жарайды, баланы оқудан шығардық делік. Ол басқа мектепке ауысады, бәлкім, сол жер оның тәртібін түзер. Сонда бұзық ол емес, тәрбиелей алмаған біз кінәлі болмаймыз ба?» деп оқушысын тәрбиелей алмағанына, бағын аша алмағанына өкінетін тұсы бар. Сол үзіндіден біз «оқи алмайтын оқушы жоқ, оқыта алмайтын мұғалім бар» деген ой түйеміз.

Балаға сабақ үйретудің әдісін таба алса, мұғалім үшін сол – жетістік. Бүгінгі кейіпкеріміз облыстағы жас ұстаздардың бірі, Жамбыл ауданы №6 мектеп-гимназиясы биология пәнінің мұғалімі – Бекнұр Наметілда. «TikTok» пен «Instagram» желілеріне сабақ барысынан қызықты роликтер түсіріп жүктеп, көпшілікке танымал болған жан. Қазір – шоу-бизнес өкілі, блогер не вайнерден бөлек, мұғалімдердің де жұлдыз атануына тенденция пайда болған кезең. «TikTok» қолданушылары негізінен ән айтып, би билейді, былайша айтқанда, ол қосымша көңіл көтеретін бейне көру алаңы. Ал Бекнұр ойын-сауық бейнероликті мектепке қажетті, пайдалы дүниемен ұштастыра алды.

Кейіпкеріміз 1998 жылы Талас ауданының Ойық ауылында дүниеге келген. Ең алғаш Ойық ауылындағы Қонаев орта мектебіне 2004 жылы дайындық сыныбына аяқ басып, 2016 жылы сол мектепті тәмамдаған. Мектеп бітірген жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне биология пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, 2020 жылы аяқтайды. 2020-2022 жылы қазіргі Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтына (бұрынғы ТИГУ) құжат тапсырып, биология пәні бойынша магистр атанады. 2021 жылдан бастап Жамбыл ауданы №6 мектеп-гимназиясында биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жүр.

– Мұғалімдік қызмет – жүрегімнің қалауы. Бала күнімнен ұстаз болуды армандағанмын. Себебі атамның әкесі – бабам Наурызбай Ойық ауылында 1924-1927 жылдары ең алғаш мектеп ашқан жан. Мен де атам секілді мұғалім болып, оқушыларды білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге дайындасам деп ойлайтынмын. Бұл күнде арманымның бір бөлшегі орындалды десем де артық болмайды, – дейді жас маман.

Бекнұр Сәкенұлы «TikTok» әлеуметтік желісін өткен жылдың қазан айынан бастап пайдаланып келеді. Өзін танымал еткен желіге тіркелуіне бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің жаңашыл бастамасы себеп болған. Былтыр «TikTok» қысқа бейнероликтерді көруге және жасауға арналған жетекші платформа Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Қазақстан мұғалімдері» байқауын өткізген болатын. Байқау аясында еліміздің түкпір-түкпірінен оқытушылар платформада «#ҚазақстанМұғалімдері», «#УчителяКазахстана» хэштегі арқылы өз пәні туралы шығармашылық және танымдық бейнероликтер жариялады. Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтарға, атап айтқанда, «iPhone 13 PRO Max» смартфондарына ие болды. Бекнұр да осы байқауға қатысып, бабы мен бағын сынап көрген еді. Өкінішке қарай, видеоларының кеш жүктелуіне байланысты жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Десе де Бекнұр (#ҚазақстанМұғалімдері» хэштегі бойынша әлі де көш бастап тұр. Өйткені ең алғашқы салған видеоролигі 9 миллион қаралым жинаған. Аталмыш байқау биыл да жалғасын табар болса, жеңімпаз атану үшін бар күшін салары анық.

Әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдаланып жүрген Бекнұр әр сабағын оқушы жүрегінде сақталатындай ерекше өткізуге тырысады. Сабақты күнтізбелік жоспардың аясында қалдырмай, оқушыларды сергітудің тың жолын тапқан. Әр күнгі сабағының видеосын «ТіkTok» әлеуметтік желісіне жүктейді. Ол қазір жұртшылық жиі қолданатын желіні ұтымды пайдаланып отыр. Оқушыларымен бірге мектеп өмірінің қызықты тұстарын бейнелейтін роликтер түсіріп, танымалдылыққа ие болды. Мәселен, оқушылары «Ағайымыздың бізге жиі айтатын ақылдары» деп сабақ барысында жиі еститін сөздерін айтып шығады. Не болмаса коридорға бір минутқа шыққанда «Сәлеметсіз бе, ағай» сөзін мың рет еститіндігін көрсетіп езуімізге күлкі үйіреді. Енді бір бейнеролигінде оқушыларына айна салынған қорапты ұсынып «Мына сиқырлы қорапшада әлемдегі ең әдемі қыздар мен жігіттердің суреті бар, кім көргісі келеді?» деген сергітуі де тапқырлық. Қорапты ашқан оқушы айнадан өз бейнесін көргенде «мен ең керемет жанмын» деген оймен еңсесі көтеріліп, сабаққа деген құлшынысы арта түсері сөзсіз. Тағы бір видеода сыныбымен бірге ән шырқаса, өзге видеода сабаққа кірген оқушыларын ерекше тосынсыймен күтіп алғандығын байқайсыз. Жаңашыл ұстаздың видеоларын 40 мыңнан астам оқырман тамашалап, қызығушылық танытып жүр.

– Әлеуметтік желі зиян деп жатамыз. Бастысы ата-ана баласының сол желіден не көріп, не түсіріп жүргеніне назар аударып отырса болғаны. Желіден аса зиян келе қоймайды деп ойлаймын. Мұғалім де «TikTok» әлеуметтік желісін пайдаланғанда өзінің пәні бойынша белгілі бір межеден аспауы тиіс. Мәселен, менің мақсатым – балаларға биология пәнін оңай меңгерту. Қазақстан мұғалімдеріне өзімнің жаңа әдістерімді көрсету және үйрету. Цифрлық құзыретті қазіргі заманда кеңінен пайдалануға болатынын дәлелдеу. Бұл үшін жан-жақты ізденіп, еркін форматта сабақ өткіземін. Оқушылармен еркін әңгімелесемін. Әлеуметтік желіні жиі қолданатын оқушыларды күнделікті жоспардағы сабақпен қызықтыру қиын. Сол себепті күн сайын сабағымды жаңаша форматта өткізуді қолға алдым. Жас ұрпақтың сапалы білім алуы үшін «Ата-ана, мектеп және мұғалім» үштігі бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істесе деймін. Әрине өзімді «TikTok» арқылы оқушыларға керемет білім беріп жүрмін деп айта алмаймын. Өйткені оған платформадағы уақыт аздық етеді. Алайда биологияны үйренуге, білуге талпындырып, оның қыр-сырын көрсетіп жатырмын. Мендегі басты мақсат – оқушыларға мотивация сыйлау.

Бұл бағыттағы беталысым жаман емес. Оқырмандарымның арасында оқушыларым, басшыларым, әріптестерім, ата-аналар да бар. Желі қолданушыларынан хаттар жиі келіп тұрады, қаншама мақтау пікірлер жазылады. «Креативті ойлауыңыз өте жоғары, сіз пайдаланған әдісті мен де пайдаланамын, сабақ өту тәсіліңіз өте тамаша екен» деп айтатын педагогтар өте көп. Бастапқыда сүйіп қалаған мамандығым болған соң осы қызметтің ыстығына да, суығына да төзуге дайынмын. Жас маман ретінде айтарым, бұл әлі бастамасы ғана, алар асуым әлі алда, – дейді жаңашыл ұстаз.

Бекнұр Сәкенұлы 7 «Б» сыныбына жетекшілік етеді. Сондай-ақ жас маман ретінде өзінің де, шәкірттерінің де жетістіктері аз емес. Тарқатып айтсақ, 2021-2022 оқу жылында облыстық «Эко-юрист» байқауына қатысып, белсенділік танытқаны үшін 9-сынып оқушысы Еркебұлан Жанатбек алғыс хатпен, халықаралық «Человек и природа» байқауы бойынша 8-сынып оқушысы Аида Қуаныш I дәрежелі дипломмен марапатталды. Халықаралық «Астра» природоведение для всех» байқауы бойынша 7-сынып оқушысы Дильноза Тойшыбек пен 6-сынып оқушысы Қарақат Мақсатқызы I дәрежелі дипломға, 7-сынып оқушысы Аяжан Есболған II дәрежелі дипломға қол жеткізді. Сонымен қатар былтыр Жамбыл аудандық «Үйсіз жануарларды бірге қорғайық» тақырыбындағы болашақ экологтар байқауында 7 «Б» сынып оқушыларына III дәрежелі диплом табыс етілді. Жаңашыл ұстаздың білімді, талантты оқушылары өте көп. Пән бойынша сабақ беретін оқушыларымен, жетекшілік ететін ұжымшыл сыныбымен қарым-қатынасы қызыға қарарлықтай.

Бекнұр Сәкенұлы ұстаздық жолда үйренерім әлі көп деп санайды. Болашақта елінің дамуына үлес қосатын, білім беру жүйесіне жаңашылдық әкелетін білікті маман болуды көздейді. Сол мақсатта білімін үздіксіз жетілдіру үстінде. Сонымен қатар кейіпкеріміз өзіне ата-аналар, ұстаздар тарапынан айтылған жақсы тілектердің шабыт беретінін жеткізді. Оқушылардың сүйікті оқытушысына айналған маман әріптестерінің де қолдауын көріп отыр. Мәселен, осы мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нағима Лесова қазіргі заманда жеке көзқарассыз балалардың назарын аудару қиын екенін айтады.

– Көптеген мұғалімдер жаңа технологияларды игере бастады, ал кейбіреулері материалды ұсынудың жаңа тәсілдерін ойлап тапты. Әріптесіміз Бекнұр да заман талабына сай оқушылармен тіл табысып, бір арнада болу үшін желінің мүмкіндіктерін пайдаланып жүр. Бір-екі жыл бұрын көптеген мектеп директорлары «ТikTok» түсірген мұғалімдерді жұмыстан шығарып немесе қатаң сөгіс беріп жататын. Жас мамандар әлеуметтік желінің еш пайдасы жоқ деген жаңсақ пікірді жоққа шығарып, желі арқылы да балаларға сабақ беруге болатынын дәлелдеді. Біздің Бекнұр да осы жаңашыл ұстаздардың қатарынан. Әріптесімізге барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Оның алған бағыты дұрыс, – дейді ол.

Ата-аналардың да пікірі осы мазмұндас. Гүлвира Күздеубекова ұлына сабақ беретін мұғалімінің сабақ өткізу тәсілі ұнайтынын жасырмады.

– Қызым Мадина 7-сыныпта оқиды. Маған мұғалімнің сабақты өткізу тәсілі мен әдістемесі ұнайды. Бұрын сабаққа барғысы келмейтін балам енді биологияның ең сүйікті пән екенін айтып жүр. Басқа балалардың да биологияны үйренуге қызығушылықтары артқан сыңайлы. Балалар мектепке қуана барып, үйге әрқашан жақсы көңіл күймен оралады. Бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймын, – дейді Гүлвира Сапарбекқызы.

Ең бастысы сабақ өтуде жаңа әдіс-тәсілдерімен қызықтыра білген ұстазына деген оқушылардың құрметі айрықша.

– Уақытымыздың едәуір бөлігін әлеуметтік желіде өткізетініміз жалған емес. Себебі «Instagram», «TikTok» желілерін ақтарып, қызықты контент қарап, трендті видео түсіріп жатамыз. Ол роликтердің барлығы бірдей пайдалы деп айта алмаймыз. Үлкендер «телефонға телміргенше, сабақ оқы» деп ұрсып жатса да ғаламтордан шықпаймыз. Сондықтан өздерін тыңдата білу үшін басқаша жол тапқан мұғалім-блогерлер көп шыға бастады. Пәндеріне қатысты қызықты, танымды контенттерін көргенде сабаққа еріксіз қызыға бастайсың. Мәселен химия, ағылшын, математика пәндерінің мұғалімдері оқу бағдарламасын танымал әннің ырғағына салып әндете түсіндіреді. Немесе қиын есептің оңай шешілу жолын айтып түрлі лайфхактар көрсетеді. Біздің ағай да осы мұғалім-блогерлердің қатарында. Ұстазымызды жаңашыл, креативті ойлайтын, оқушыларды сабаққа қызықтыра білетін білікті маман деп есептейміз. Біз ағайымызбен мақтанамыз,  дейді 10-сынып оқушысы Қасиет Нұрмаханбет.

Ұстаздық жолдың ыстық-суығына қарамай ұлы мамандыққа адалдық танытып, үлкенге үлгі, кішіге өнеге бола білген жас ұстаздың алар асуы, шығар биігі әлі алда!