Өнермен өрілген қырық жыл

0 3

Әрбір жан баласының бойында белгілі бір іске деген икемдігі, қанмен дарыған қабілеті болады. Оны әрі қарай дамытып, жетілдірсе талантқа айналатыны сөзсіз. Қазақ даласы дарынды тұлғаларға кенде емес. Әсіресе қасиетті Қордай жерінен небір талайды тамсандырған таланттар шыққан. Оның ішінде Қордайдың бұлбұлы атанған Қарлығаш Қожағазинаның өнері өз алдына бөлек әлем.

Бұрынғы Талдықорған облысы Ақсу ауданы Діңгек ауылы кейіпкеріміздің туған жері. Бүгінде сағынып есіне алатын тәтті балалық шағы өткен ауылы. Бір анадан тоғыз туған Қарлығаш үйдің үшінші перзенті еді. Тәй-тәй басып, шүлдірлеп тілі шыға бастаған шақтан-ақ ыңылдап ән айтатын Қарлығаш әкесінің ең сүйікті қызы болған екен. Әкесі Көпес ауылдағы беделі биік, абыройлы азаматтардың бірі. Өнер десе ішкен асын жерге қойып, домбыраны шерткенде таң қалмайтын жан болмаған деседі. Анасы да өнерден кенде емес. Ағалары да әкеге қарап домбыра шертіп, ән салып өседі. Өнерлі ортада өскен Қарлығаш та домбыраға қызығып, әкесіне бір қарап, ағасынан бір жаттап өз еркімен қос ішекті шертуді тез үйреніп алады. Ауыл түгіл Ақсу ауданы Қожағазиндар ансамблін сүйіп тыңдайтын. Отбасылық ансамбль көптеген конкурстарда топ жарып, телевизиялық бағдарламаларда да өнер көрсеткен. Қарлығаш осы ансамбльдің әншісі еді. Кішкентай ғана қыздың кең диапазонды даусы талайды таң қалдыратын. Мектеп кезден аудандағы әр байқаудың бас жүлдесі осы Қарлығаштың қанжығасында болатын. Болашағынан бүкіл ауыл үміт күтіп, «Көпестің осы қызы биікке шығады», дейтін. 1975 жылы өнерлі өрендерге арналған ауқымды республикалық байқау өтеді. Әр өңірден дарынды жастарды іріктіп, байқау қорытындысы Алматы қаласында өтетін болады. Ол кезде мектеп оқушысы Қарлығаш Талдықорған облысынан үздік боп танылып, байқаудың қорытындысына жолдама алады. Аталмыш өнер додасына Семей өңірінен ол кезде әлі елге таныла қоймаған Роза Рымбаева қатысқан екен. Осы байқау Роза Рымбаеваның бағын жағып, лезде жұлдыз қылған шақ еді.

Алматыға қатынайтын сары автобус келіп жетті. Қарлығашты іздеумен әке-шешесі әлек болып жүр. Мәдениет басшылары да тыным таппауда. Ал Қарлығаш болса құрбысына еріп, ауылда өтіп жатқан бокс турнирін тамашалап жүр. Байқауға баруға ниеті болмайды. Содан сары автобус кетеді. Әкесі қанша күн қызына тіл қатпай, қарамай қояды. Әкенің реніші оның көңіліне қатты батады. Сонда әкесіне келіп: «Әке, мен сіздің өнеріңізді жалғастырып, Қожағазин әулетін танымал етемін», деп сөз беріп, қалаға оқуға аттанғаны кейіпкеріміздің әлі күнге есінде. Сол жылы оқуға түсе алмай қалған Қарлығаш, келесі жылы тағы тапсыруға тырысады. Сол уақытта құрбысы Қордай жеріне келін болып түсіп, тойға шақыру келеді. Тойда ән салған әдемі қызға көптің арасынан Қанат есімді жігіттің көзі түседі. Ол уақытта жиырмадан асқан Қанат Бішкек қаласында білдей бір институтта жұмыс істейтін. Осылайша Қарлығаш Қанатын табады.

Әкеге берген серт айықпас дертке айналарын сезген Қарлығаштың көнбеске амалы болмады. Ол енді, бір үйдің түтінін түтетіп отырған келіні еді. Осылайша оның өнерден алшақ күндері өтіп жатты. Балабақшада жұмыс істеді. Бірнеше жыл өткен соң оның айы алдынан туып мәдениет үйіне жұмысқа орналасады. Ондағы қызметкерлердің барлығы оның таңдайына бұлбұл ұя салғандай даусына таң қалатын. Күндердің күнінде Алматы қаласына Әміре Қашаубаев атындағы ән конкурсына жолдама келеді. Еш жерден өнер бойынша білім алмаған, домбыраны өз бетінше шертіп үйренген Қарлығаш Көпесқызы үлкен байқауларда топ жарады. Алматы қаласындағы аталмыш ән байқауына сол кездегі жас жұлдыздар Бекболат Тілеухан, Рамазан Стамғазиев, Майра Ілиясова, Сәуле Жанпейісова сынды саз әлемінің саңлақтары қатысады. Жетпіске жуық жалынды өнерпаздар үш айналым бойынша сынға түсті. Әділқазылар алқасы Қарлығаштың ерекше дарынын бірінші сында-ақ байқайды. Екінші сайыста Кененнің «Базар-Назарын» айтып талайды таңқалдырғаны бар. Содан оны көрсе әлгі әншілер «Базар-Назар» келе жатыр дейтін көрінеді. Соңғы сында он екі өнерпаздың алтауы қалуы қажет екен. Басында әп-әдемі бөркі бар Қарлығаш сахнаға шығуға дайын тұрады. Сол сәтте Қарлығаштан бұрын сахнаға шығатын жас әнші Сәуле «бөркіңді бере тұршы» деп өтініш жасап басындағы бөркін алып кетеді. Содан Қарлығаштың кезегі келіп, тағы да Кененнің әні «Бастауды» орындайды. Әділ баға берушілердің қорытынды шығаруы ұзақ уақытқа созылады. Бір уақытта қазылықта отырған әйгілі Жәнібек Кәрменов Қарлығашқа келіп, «Сәулеге басыңдағы бөркіңді беріп нең бар еді? Бөркіңмен бірге байқаудағы бағың да кетті. Сенің орның үшін талас-тартыс болып, әне, Сәуле екінші орынды алды»,- деп айтып кетеді. Бұл Қарлығаш Көпесқызының ең алғашқы, ең үлкен байқауы еді. Он екі өнерпаздың алтауы ғана лауреат атағын алса, соның бірі Қарлығаш Қожағазина. Осылайша, оның танымалдылығы арта түседі. Қайбір конкурс, фестивальге барсын тек бірінші орынды иеленіп жүреді. Бірақ ол мұндай ән жарыстарға немесе атақты ән кештеріне көп бара бермейтін. Өйткені ол бір үйдің келіні еді. Ән әлемінде қанатын кеңінен жайғысы келгенімен, оны өзінің Қанаты қаламады. Өйткені ол Қарлығашты қатты қызғанатын. Қызғаныштың кесірі Қарлығаштың жолын байлап тұрған еді. Қанаттың алдына сол кездері кім келмеді дейсіз. Кейіпкеріміздің ата-енесі де баласына келіннің бағын байламауды қанша өтінгенімен түк шықпайды. Ол кездері жұбайы Қанат Өмірзақовтың қызметте беделі артып, басшылық орынның бірінде отырған еді. Сол шақтан кейіпкеріміз бір үзіндіні еске алады.

-Кенен ауылына кешкі уақытқа жеке ән кешімді жоспарлап қойған болатынмын. Кеш батып, сағат сегіз болса да мен әлі үйімде отырмын. Ол кезде құрғыр көлік те таптырмайтын заман еді. Содан Қанат облыстан кешкі сағат ондарда келді. «Сен әлі отырмысың. Ауылда халық күтіп қалды емес пе?», деп мәселенің мән-жайын сұрады. Содан басшы емес пе, тез арада көлік таптырып, сағат түнгі он екіде Кенен ауылына жетеміз. Сахнаға шыққанда көрдім, халық залда лық толы. Ешқайсысы кетпей осы уақытқа дейін күтіп отырғанын көріп сахнаға шыққан бойы жылап жібердім. Содан мән-жайды түсіндіріп айтып, тек домбырамен еш музыканың сүйемелдеуінсіз таңғы сағат беске дейін ән айттым. Халқымның маған деген ерекше ықыласына, шынайы махаббатына сол кезде анық көзім жетті, — дейді сол шақты еске алған кейіпкеріміз.

Тәуелсіздік алып, еліміз етек-жеңін жиған жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қордай жеріне келгені бар. Сонда ол кісінің алдында қазақтың қара домбырасымен Қарлығаш Қожағазина ән салғанда, Елбасы өзі Қарлығаштан ән жинақ кассетасын сұрайды. Мұндай жағдай кез келген әншінің басында бола бермейтіні белгілі. Бұл тіпті әр әншінің арманы десек артық емес. Қарлығашты көрші Қырғыз елі де қатты жақсы көрді. Тіпті сол кездегі Қырғыз елінің басшысы Асқар Ақаевтың өзі ұлының тойына Қарлығаш Қожағазинаны шақыртқан. Ол жиында атақты Алла Пугачева, Филлип Киркоровтан бастап барлық жарық жұлдыздар өнер көрсеткен. Қазақтан тек Мақпал Жүнісова мен Қарлығаш Қожағазина ғана. Сонда дайындық залында кейіпкеріміз ән салып жатқанда оның даусын таныған Елбасы жеке өзін шақыртады. Шағын ғана дастарқан басында қос елдің басшылары отбасымен отыр екен. Қарлығашқа да осы дастарқаннан орын бұйырып, Елбасымен бірге домбыра шертіп, ән айтқанын кейіпкеріміз еш есінен шығармайтынын айтады. Қарлығаш Қожағазинаның Қазақстанның Мәскеудегі онкүндігі мерекесіне қатысқанының өзі кішкене ғана Қордай үшін үлкен мақтаныш екені сөзсіз. Сол кезде бала Мейрамбек Беспаев Қарлығаш әпкесінің қасынан шықпай қойғаны тағы бар. Сол арадағы байланыс әлі күнге дейін үзілмей келеді. Қандай байқауға қатыссын тек бас жүлдені алатын Қарлығаш Қожағазинаға «Алтын адам» атағы берілуі тегін емес. Ол бүгінде Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Қордай ауданы мен Ақсу ауданының Құрметті азаматы, тағы басқа да атақ даңқтары толып жатыр. Сол кездегі Қожағазиндер ансамблінің ізін жалғастырушы, өзінің артынан ерген сіңлісі Жанар Қожағазинаның өнерді таңдауы кейіпкеріміздің ең басты қуанышы. Көңіл жарасының емі. Өйткені әкеге берген сертті сіңлісі ақтап келеді.

Қарлығаш Көпесқызына Жаратқан Иеміз талантпен қоса қазақ қызына тән ұяңдық пен мінсіз мінезді берген екен. Әйтпесе қазақтың салтын аттап, жарымен қосылған отбасын емес өнерді таңдап, жұлдыз болып кетуге де болар еді. Ол әке сертін емес, әке абыройын ойлады. Бүгінде Қанатынан айырылған Қарлығаш қос ұлына үнемі ақылын айтып отырады. Оларға жарларын сыйлауды, әйел адамды анасындай көруді талап етеді. Ол өмірде тек өзіне өкпелейді. Мектеп жасында байқауға барғысы келмей, қашқанын әлі күнге кешірмейді. Осы үшін бір кезде Роза Рымбаева әзілдеп алғысын айтып қойғаны бар. Қазақта даңқты жұлдыздың барлығының Қарлығаш Қожағазинаға деген құрметі бөлек. Оның қазақы тәрбиеге сай отбасын таңдауын асқан ерлікке балайды.

Биыл Қордай бұлбұлының киелі сахнада жүргеніне 40 жыл толып отыр. Мерейлі жылды Қарлығаш Қожағазина ескерусіз қалдырмауды жөн санапты. Мамыр айының 27-жұлдызында аудандық мәдениет үйінде «Өнерім-Өмірім» атты жеке ән кешін бермек. Сондай-ақ осы ән кешін аудандағы барлық ауылда өткізуді жоспарлап отыр. Халқын сағынған әншіні халық та сағынған болар.