Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек өңірлік коммуникациялар алаңында баспасөз мәслихатын өткізіп, аудан бойынша бүгінгі күнге дейін атқарылған шаруалардың тізгінін тарқатып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді
Қанатбек Қайшыбекұлының айтуынша, 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласында 2753 субъекті тіркелген. Олардың 181-і шағын-орта кәсіпорын, 1731-і дара кәсіпкер және 841-і шаруа қожалықтары. Бүгінгі таңда олардың 2222-сі немесе 80,7 пайызы жұмыс істейді екен.
Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 2021 жылдың 1-шілдесіндегі мәлімет бойынша, 3421 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар 1703,0 млн тенгенің, дара кәсіпкерлер 1020,0 млн теңгенің және шаруа қожалықтары 10399 млн теңгенің өнімін өндірген.
Инвестиция көлемі артуда
– Жыл басынан бері ауданымызда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2827,4 млн теңгені құрап отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда 772,5 млн теңгеге артық. Оның ішінде жекеменшік қаражаты 2734,351 млн тенге болса, бюджет қаражаты – 93,049 млн теңге.
Индустриалды–инновациялық дамыту бағдарламасының бірінші және екінші бесжылдығында ауданымызда жалпы құны 374811,7 млн теңгені құрайтын төрт ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған болса, бүгінгі таңда 18211,7 млн тенгені құрайтын үш жоба іске асырылды. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында былтыр 156 млн теңгенің 26 жобасы іске қосылды. Осы бағыттағы 20 жоба жалғасын табатын болады, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар «Қаратау ПРО» ЖШС-ы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында екінші деңгейдегі банк арқылы 1085 млн теңге несиеге оң шешімін алыпты. Жалпы ауданға Құрылыс бөлімі (ФОК Ақкөл) – 94,886 млн теңге, «Шолақтау ТКӨК» – 14,191 млн теңге, «Амангелді ГАЗ» ЖШС –510,532 млн теңге, облыс әкімдігінің энергетика басқармасы – 44,925 млн теңге, Talas Investment Company – 1777,4 млн теңге, ЦРБ – 48,124 млн теңге, жеке құрылыс – 107,342 млн теңге және басқалар 230,0 млн теңге инвестиция тартпақ. Оның ішінде жекеменшік қаражаты 2734,351 млн теңгені (96,7%), бюджет қаражаты 93,049 млн теңгені құрайды.
Инфрақұрылым мәселесі жүйелі шешілуде
Ауданда инфрақұрылым мәселесі де жүйелі шешілуде екен. Қазіргі кезде Аққөл, Қызыләуіт және Ақтөбе елді мекендеріне газ құбырларын салу жұмыстары жүргізілуде. 2022-2023 жылдарға өтпелі жобаның құны – 3 млрд 221 млн 700 мың теңге. Сол сияқты, Ақкөл, Қызыләуіт, Ақтөбе елді мекендерінің ішкі кварталдық газ тарату желісінің ЖСҚ әзірленіп, келісімшарт жасалып, бюджеттік өтінім тапсырылыпты. Майтөбе, Қожағаппар елді мекендерін газдандыруға 444 млн 444 мың теңге бөлініп, «Билікөл» автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы жүргізілуде. Мердігер – «Арайстроймаркет-2003» ЖШС.
Талас өңірінде сапалы ауызсумен қамту мәселесі қинап келе жатқан елді мекендер баршылық. Қанатбек Қайшыбекұлы алдағы уақытта бұл өзекті мәселе де біртіндеп шешімін табатынын жеткізді. Атап айтқанда қазіргі таңда Қайыр, Ақтөбе, Арал елді мекендеріне ауызсу жеткізу үшін мембрандық қондырғы орнатуға және Тұрымқұл, Қожағаппар, Қараой, Сейілбек елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында ЖСҚ әзірлеуге аудандық бюджеттен 20000 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Қаратау қаласында тұрғын үй қорынан көпбалалы аналар мен отбасыларға 25 пәтер сатып алынып, кілттері табысталды. Сонымен қатар бөлім тарапынан жүргізілген зерделеу барысында кезек ретімен алып, заңсыз жалға берген және өздері тұрмайтын, бос тұрған жиырма пәтер анықталып, әлеуметтік осал топтағы мүгедектерге, толық емес отбасыларға, көпбалалы отбасыларға берілді, – деді спикер.
27 меморандум жасалды
Қанатбек Қайшыбекұлы Мемлекет басшысының өзі айрықша назар аударып отырған азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесін де айналып өтпеді. Аудан басшысының айтуынша, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Тараз қаласында орналасқан ірі дүкен иелерімен келіссөздер жүргізіліп, Қаратау қаласынан филилалдары ашылыпты. Ондағы бағалар шарықтап кетпеуі үшін тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Сондай-ақ азық-түлік дүкендерінің иелерімен азық-түлік бағаларына қосылатын үстеме ақыны 10-15%-дан асырмау туралы 27 меморандумға қол қойылыпты.
Бұл орайда аудан басшысы Таласқа сәбіз, қырыққабат сияқты көкөніс өнімдері басқа өңірлерден әкелінетіндіктен бағалар бірінші кезекте жеткізушілерге байланысты болып тұрғанын атап көрсетті. Дегенмен бұл мәселені шешу бағытында шаралар қабылдануда екен. Мәселен әлеуметтік дүкені бар жеке кәсіпкер Осипова Ирина «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ы арқылы 3,4 млн теңге несие алған. Бұдан бөлек Ақкөл ауылдық округінің тұрғыны Қасымбекова Кәмшат әлеуметтік дүкен ашуға жылдық мөлшерлемесі 0,01% несие алуға құжаттар топтамасын жинақтап, қорға тапсырыпты.
Ақкөл өгейлік көрмейді
Брифинг барысында аудан әкіміне тілшілер тарапынан бірқатар сұрақ қойылды. Қанатбек Қайшыбекұлы олардың бәріне жан-жақты жауап берді.
Атап айтқанда журналист Ерман Әбдиевтің Ақкөл ауылында атқарылып жатқан жұмыстар, Ақкөлдегі «Сауда орталығы» ғимаратының тағдыры, ауыл іргесіне келіп тұрған газды әр үйге кіргізу құнын кім төлейтіні туралы сауалына орай спикер «Ауылым – алтын бесігім» жобасы аясында өткен жылы ауылда 21 көше жөнделгенін, жақын арада спорт кешені пайдалануға берілетінін, бұл жұмыстар жалғасын табатынын айтты. Ал көгілдір отынды үйлерге кіргізу құны кемінде 93-150 мың теңге аралығында болатынын, жеңілдіктер мәселесі мердігер компания анықталған соң қарастырылатыны жеткізді.
«Ақкөл ауылының орталығындағы «Сауда орталығы» ғимаратын бұзу-бұзбау мәселесінде ауыл тұрғындарының пікірі екіге бөлініп отыр. Әлі де сараптама жұмыстарын жүргіземіз. Қазір ғимарат иесіне оның айналасын қоршау жүргізу жөнінде ұсыныс айтылды. Екінші мәселе – бұрынғы аудандық аурухананың ғимаратын сақтап қалу. Амандық болса келесі жылы Ақкөл ауылында 45 келушіге арналған отбасылық-емдеу амбулаториясы салынады. Ал үш қабатты ғимаратты пайдалану жөнінде төмендегідей шешімге келіп отырмыз. Өздеріңізге белгілі, көршілес Сарысу ауданына «Қазсодасауда» компаниясы инвестор болып келіп жатыр. Осы компанияның бір бөлімін Ақкөл ауылына алып келмекпіз. Компания техникалық мақсаттар үшін Ақкөл көлінен 8 текше метр су алу жөнінде ұсыныс айтып отыр. Осы қызметпен айналысатын бөлімше қызметкерлері әлгі үш қабатты аурухананың ғимаратына орналасатын болады. Сонымен қатар Қордайдан шаруалар шақырып, Ақкөл маңында бау-бақша өсіру үшін тәжірибе алмасу шараларын жүргізудеміз. Олар да осы ғимаратқа орналасуы әбден мүмкін», – деді аудан басшысы.