Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот «D.» ЖШС-нің екі мекемеге және «М.» ЖШС-не қатысты Алматы қаласының қажеттіліктері үшін пластикалық бөтелкелер мен алюминий банкаларды жинауға арналған торлы контейнерлерді дайындау мен орнату туралы конкурстың нәтижелерін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша істі қарады.
Сот мекемелер ұйымдастырған ашық конкурсты өткізу кезінде конкурстық комиссия мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы елеулі бұзушылықтарға жол бергенін анықтады. Конкурсқа 19 әлеуетті өнім беруші қатысқан. 12 өтінім қабылданбаған, оның ішінде талап қоюшының да өтінімі болған. Нәтижесінде «М.» ЖШС-і жеңімпаз деп танылған. Ұйымдастырушының шешіміне әлеуетті жеткізушілерден шағымдар түскен. Конкурсты қайта қарау қорытындысы бойынша да «М.» ЖШС-і жеңімпаз болып танылып, онымен шарт жасалған.
Істі қарау барысында сот конкурс жеңімпазы «металл бұйымдары және конструкциялар жөніндегі инженер-технолог» еңбек ресурсының болуы бөлігінде конкурстық құжаттаманың міндетті біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келді. Ұсынылған құжаттар тиісті білімнің болуын растамады, ал курстардан өткені туралы сертификатты білім беру қызметіне лицензиясы жоқ ұйым берген. Сот талап қоюшының құжаттарында да осындай бұзушылықтарды анықтады.
Белгіленген мән-жайлар негізінде сот конкурс қорытындылары туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жойды және 205 миллион теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алу шартын жарамсыз деп таныды.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.