Қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының мерейтойы мен Жастар күніне орай Түркістанда көшпелі кітап көрмесі өткізілді. Осы көрмеде облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің белсенді жастарымен кездесіп, оларға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабын тарту етті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек екенін айтқан болатын. Сол бастаманы Түркістан облысында іске асыру мақсатында қонақтарға, жастарға «Абай жолы» романы топтастырылған төрт томдық кітаптарды тапсыруды жөн көрдік. Бұл кітапты әр оқыған сайын жаңа дүниелермен танысасың, жаңаша ой түйесің. Жастарымыз да кітапты оқып, Абай өмірінің тереңіне үңіледі деп ойлаймын, – деді Нұралхан Көшеров.
Белсенді жастар өңір басшысының рухани мәні бар сыйлығына ризашылықтарын білдіріп, Абай мұрасына адал болатындарын жеткізді. Жалпы, 180 жылдыққа 180 кітап топтамасы шығарылып, жастар мен тұрғындарға үлестірілді.
Айта кетейік, осы күні ұйымдастырылған кітап көрмесінде Абай Құнанбайұлының өмірінен, шығармашылығынан сыр шертетін мағыналы дүниелер ұсынылды. Абай Құнанбайұлы бейнеленген, ерекше шеберлікпен тоқылған қабырғаға ілетін кілемше де көпшіліктің қызығушылығын оятты. Бұл сыйлықты кітапханаға «Бал текстиль» компаниясы тарту еткен.
Осылайша, Түркістан жастары «Абай күні» мен «Жастар күні» мерекелерін рухани-танымдық іс-шарамен өрнектеп, ерекше серпіліп қайтты.