1672 жаңа жұмыс орны құрылады

0 7

Жамбыл облысында биыл «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 10,5 млрд теңге бөлінді. Аталған қаржыға 1200 өтінімді несиелендіру көзделіп отыр. Нәтижесінде 1672 жаңа жұмыс орны құрылады.

Жоба талаптарына сәйкес бөлінген қаражаттың 50 пайызы мал сатып алуға, қалған 50 пайызы кооперативтерге және азаматтардың жеке кәсіп ашуына бағытталатын болады. Атап айтқанда, мал шаруашылығы бағытына 5,2 миллиард теңгеге 911 өтінім несиелендіріледі. Өсімдік шаруашылығын жүргізу үшін 5,3 миллиард теңгеге 289 өтінімді, жеке кәсіп ашу бойынша 1031,0 миллиард теңгеге 116 өтінімді қаржыландыру жоспарланған.

Айта кетейік, өткен жылы өңірде «Ауыл аманаты» жобасына 24 млрд теңге қаржы қарастырылып, толығымен игерілді. Нәтижесінде 4073 өтінімге несие қаражаты беріліп, 4350 жаңа жұмыс орны ашылды. Егін шаруашылығы бағытында 5 жеке кәсіпкерге жылыжай құрылысына 33,7 млн теңге қаражат берілді. Мал шаруашылығы бойынша 4007 жеке кәсіпкерге 23,5 миллиард теңге несие қаражаты қарастырылып, 180 мың бас мал сатып алынды. Ауылдық округтерде 33 ауылшаруашылығы кооперативі құрылылып, жергілікті бюджеттен бөлінген 1,0 миллиард теңге қаржыға 64 дана ауылшаруашылығы техникасы алынды. Осы бағытқа ағымдағы жылы қосымша 600 миллион теңге бөлініп отыр. Оған 137 тіркемелі техника сатып алу жоспарланған.

Сонымен қатар ауылшаруашылығы кооперативтеріне ауыл сыртындағы егістіктерге жұмыс жүргізу үшін 341,0 миллион теңгеге айналым қаражаты беріліп, жұмыстар жүргізілуде.

Азаматтардың жеке кәсіптерін ашу бойынша 36 өтінім түсіп, 240,2 миллион теңге қаражат қаралды. Атап айтқанда, 1 құс өсіру бағытына, 5 гидропоника құрылғысын орнатуға және 196,5 миллион теңгеге тігін цехын, наубайхана, асхана ашу, т.б. бағыттарға берілді.