15 ауылдасын жұмыспен қамтымақ

0 12

Құс фермасын ашу оңай жұмыс емес. Жарататын уақыт, жұмсалатын қаражат, тынымсыз еңбек, одан бөлек кәсіптің өзіне тән сан қиындықтары жетіп артылады. Тірлік бастауда қаржы қорынан бөлек, тәуекел мен төзім қажет. Мұны Талас ауданындағы Талапты ауылының тумасы Бүркітбек Құлекеев жақсы түсінеді. Содан болар ауданда әлі қолға алына қоймаған тың кәсіптің түрін бастап, ісін айналдырып отырған жайы бар.

Бүркітбек Әбдірахметұлының Бостандық ауылдық округіне қарасты аумақтан құс фермасын ашқанына да көп бола қойған жоқ. Қазір арнайы орын жай соғып, онда тауықтың бройлер тұқымының балапандарын жіберді.

— Негізгі мақсат ет және жұмыртқа бағытында жұмыс жасау. Сондықтан, етті саналатын бройлер балапандарын өсіріп отырмыз. Құстарды Қордай ауданынан жеткіздік. Қазір мұнда 4 мың бас балапан бар. Алдағы уақытта оның санын арттыру жоспарланып отыр, — дейді қолға алған кәсібі жайында Бүркітбек Құлекеев.

Кез келген істің бастапқы қиындықтары болады. Төзімділік танытсаң өтпелі сынақтар кәсібіңді тереңірек меңгеруге, ақылмен игеруге, тәжірибе жинауға үлкен көмек болады. Құс фермасының жұмысында да мұндай уақытқа байланған мәселелер жоқ емес көрінеді. Оны кәсіпкердің әңгімесінен байқадық. Мысалы, электр жарығын қосудағы қиындықтар бірқатар жоспарларды жүзеге асыруға кедергі болып отыр. Инкубатордан балапан шығару да тоқ көзіне тікелей байналысты.

Дегенмен, құс фермасының алға қойған жоспары да ауқымды. Болашақта жылына 90-120 тоннаға дейін тауық етін өндіру. Одан бөлек, жұмыртқа бағытындағы құс басын 6 мыңға арттыру. Кәсіпкердің айтуынша, бұл жоспарды іске асыруға көп уақыттың қажеті жоқ. Осы жылдың соңына дейін тиісті жұмыстарды қолға алып, іске кіріспек ниетте.

— Күннің жылынғанын күтіп отырмыз. Көктем кеш шықты. Құс өсіретін нысандардың құрылысын аяқтап бітіреміз. Арнайы құс базы бар. Құстарға берілетін жемнің бағасы арзанға түспей отыр. Тоннасын 384 мың теңгеден сатып алып жатырмыз. Қазір фермада бес адам жұмыс жасайды. Егер кәсіпті кеңейтсек жұмыс күші де артады. Ет және жұмыртқа бағыты іске қосылса 15 адам жұмыспен қамтылады, – дейді кәсіпкер.

Біле білгенге құс өсіру – табыс көзі. Нарықта құс еті мен жұмыртқасына сұраныс өте жоғары. Күнделікті тұтынатын тағам түрі болғандықтан саудасы да қызып тұр. Шетелдің емес, жергілікті өнімнің дастарқанды толтырып тұрғанына не жетсін. Білетініміз ол күн де алыс емес. Тек соған сенейік.